Автор: Жаксы БАЛА | Категория: Сахабалар сабағы | Просмотров: 3095
Печать

napsinin-tilin-almaБір соғыста хазіреті Али бір дұшпан жауынгерін астына басып алып өлтірейін деп жатыр еді өлім аузындағы әлгі адам амалсыздан хазіреті Алидің бетіне түкіріп жібереді.

Хазіреті Али үшін кәпірдің басын жұлып алу, түкке де тұрмайтын еді. Бірақ ол: «нәпсінің тілін алып ашуланып қаламын ба?!» - деп ойлады да, дереу тоқтай қалып, қолындағы қылышын жерге қойып, дұшпанын өлтіруден бас тартты.

Хазіреті Алидің қолында кұрбан болуды күтіп жатқан адам, бұл жағдайға қатты таң қалады. Себебі, ол істеген жаман ісі үшін хазіреті Алидің колынан аман құтылатынын ойынан мүлде шығарған болатын.

Бірақ ол ойлағанындай болмады. Ол сол жерде ақиқаттың куәсі болды. Дұшпан хазіреті Алидің ісіне таңырқап, амалы таусылғаннан кейін, былай деп сұрады:

- Ей, Али! Мені не үшін өлтірмедің? Бірден өзгеріп сала бердің ғой. Хазіреті Али былай деп жауап береді:

- Мен хазіреті Пайғамбар сыйлаған қылышты Аллаһ жолында қолданамын. Кәпір мен мұнафиқтардың басын, Оның ризалығы үшін ғана шабамын. Бұған ешқашан өз нәпсімді араластырмаймын. Себебі мен Аллаһтың арыстаны, әрі Оның қылышымын, нәпсімдікі емес... Сен жүзіме түкіріп, мені ашуландырмақшы әрі қорламақшы болдың. Мен сол сәтте ашуыма бой алдырғанымда, мүминге әсте жараспайтын қылықпен яғни, нәпсіме бағынып, сені өлтіріп тастар едім. Алайда мен өз абыройым үшін емес, Аллаһ үшін соғысып жатқан едім.