Сәмбі талдың ең жіңішке солқылдай ұшына зарғалдақ деген басбармақтай ғана құс ұя салады екен. Себебі жауыз жылан жорғалап жетпес үшін. Кейде сол шыбықтың ұшар басына жалмауыз жетіп, секпілді жұмыртқаларды жұтып қояды. Дегенмен, әр нәрсенің бір қорғаушысы бар.
Аллаһ Тағала зарғалдақты сол жыланнан зорлық-зомбылық көре бермесін деп тал-дарақтың, өсімдіктің түр-түсінен айнытпай биесау деген жәндікті жаратқан.
Оны біздің елде дәуіт деп те атайды. Сол биесау - зарғалдақтың құтқарушысы. Жылан ұяға жақындағанда серіппелі қос аяғымен теуіп қалады. Жорғалаушының екі көзі ағып түседі. Зарғалдақтың зарын биесау естиді екен. Ал бізде шырылдап шетелге кетіп жатқан шараналардың, сәбилердің зарын кім естіп жатыр? Жетімдерді жылатып жүргендер де жетерлік. Заман-ай, десеңізші! Адамдар қатігезденіп барады. Зарғалдақтарға араша болар заманымыздың биесаулары қайда?