Автор: Жаксы БАЛА | Категория: Нәпіл намаздар | Просмотров: 15257
Печать

Истихара намазыБарлық мадақ әлемдердің Иесі бір Аллаға ғана лайық! Біз одан тура жол тілеп, дұрыс бағытқа нұсқауын жалбарынып тілейміз. Оған тәубе етіп, күнәларымызға жарылқау сұраймыз. Алланың атымен нәпсілеріміздің кәсапаттарынан, күнәларымыздың кері әсерлерінен сақтанамыз. Алла кімді туралыққа бастаса, оны ешкім де адастыра алмайды. Ал енді кімді адастырса оны ешкім де тура жолға сала алмайды. Мен Алладан басқа ешқандай құдайдың жоқ екендігіне және мырзамыз Мұхаммедтің Оның елшісі екендігіне куәлік етемін. Ардақты Пайғамбарымызға, оның әулеті мен сахабаларына Алла Тағаланың сансыз салауаты мен сәлемі болсын!

Шынында да асыл дініміз Ислам - Алла Тағаланың Өзінің пенделеріне разылықпен түсірген ең соңғы әрі ең толыққанды діні. Алла Тағала соңғы аяттарының бірінде былай деген:

"Бүгін Мен сендерге діндеріңді кемеліне жеткіздім әрі нығметімді толықтырдым және Исламды сендерге дін етіп құптадым" (Мәида, 3). Ендеше, Ислам - кемеліне жетіп, толысқан дін, біртұтас жүйе, әділ үкім, раббылық заңнама, шынайы бағыт, орта бағдар, әлемдік дағуат, рух пен тәннің талаптарын толықтай қамтамасыз ететін бірден-бір дін, жеке тұлғаның да, тұтастай қоғамның да қос дүниедегі мүдделерін толықтай қорғау. Демек, осы діннің тағылымдарына құлақ асып, құлақ асып қана қоймай, оларды бұлжытпай орындаған жан мамыржай әрі тұрақты тіршілікпен бақытты ғұмыр кешпек.

Ислам дініндегі, берік шариғатындағы тағылымдардың бірі - истихара намазы. Бұл намаз әрбір мұсылман пенденің өз істерінің сәттілігін және сол арқылы екі дүниенің бақытын сұрайтын намаз. Расында қамшының сабындай қысқа ғұмырында әрбір пенденің басынан нелер келіп, нелер кетпейді? Ал кейде қай тарапқа бағыт алып, қай сүрлеуге түсеріңді білмей, құдды жолайрықта қалғандай абдыраған күй кешетін кездерің де болады. Осындай әрі-сәрі, пұшайман күйде қалған кезде әрбір иманы берік мұсылман өз ісінің сәттілігін, қайырлығы мен қорытындысын Жаратқан Жаббар Иесіне тапсырары хақ. Тапсырып қана қоймай сол ісінің оң болуын тілей отырып, Раббысына иық сеніммен тәуекелге бел буып, харекет етері сөзсіз. Сөйтіп, танымы жоғары, нанымы нық нағыз мұсылман қазіргі және кейінгі, дүниелік әрі ақыреттік істерін Хақ Тағалаға тапсырып, қажыр мен қайраттың, сондай-ақ ешбір шүбә араласпаған саф сенімінің соны үлгісін көрсетеді. Бұған ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасиетті хадистері де айқын дәлел болады. Расулалла (с.ғ.с) былай дейді: "Адам баласының бақыттылығының бір белгісі - Алла Тағаладан ісінің қайырлығын сұрау және Адам баласының бақыттылығының тағы бір белгісі - Алланың өзіне өлшеп берген тағдыр талайына разылық білдіруі. Ал Адам баласының бақытсыздығының белгісі - Алладан әрбір ісінің қайырлығын сұрамауы және Адам баласының бақытсыздығының тағы бір белгісі - Алланың өзіне өлшеп берген тағдырына разы болмай, ашу шақыруы." (Термези мен Имам Ахмет риуаят еткен хадис).

Ал, керсінше, күпірлікке көніп, екіжүзділікке еті үйренген жүзі қара пасық жандар мен имандарын әбден әлсіреткен жігерсіздер бұл тұрғыда бұрынғыларынша надандықтың көрінісін көрсетеді. Нәпсінің жетегінде кетіп, шайтанның азғыруына ұшырайды. Ондайлардың басына әлдеқалай бір іс түсе қалса, жалма-жан балгерге барып бал аштырады. Сәуегейдің сандырағына сеніп, туралықтан адасады. Ондай иманы әлсіздер жұлдызшының жорамалы мен құмалақшының құмалағына да нанып, нағыз нақұрыс наданның күйіне түседі. Ал бұл - асыл дініміздің қасиетті қағидаларына қарсы жасалынған қасақы қиянат, қиянпұрыс істер. Шын мәнінде ғайып істерді, келешекті бір Алладан өзге ешкім де білмейді. Бұл туралы Хақ Тағала Құран Кәрімде былай деп ескерткен: (Уа, Мұхаммед! Сен оларға:) "Көктер мен жердегі көместі Алладан басқа ешкім де білмейді" де. Олар қашан тірілетіндерін де сезбейді" (Нәміл сүресі, 65-аят). Бақсы-балгердің балдыр-батпағы мен сиқыршы-сәуегейлердің сандырақтарына, құмалақшы-құшнаштардың қойрытпақтарына сену барып тұрған күпірлік. Алла сақтасын ондайлардан! Алланың елшісі (с.ғ.с) былай дейді: "Кімде-кім балгерге не сәуегейге барып, оның айтқандарын растаса, Мұхаммедке түскенге күпір келтіреді" (Ахмет, Бәйһақи риуаят еткен хадис).

Сондай-ақ, Расулалла (с.ғ.с) құсқа не басқа нәрсеге қарап ырым етуге тыйым салған. Исламнан бұрынғы надандық дәуіріндегі арабтар жолға шыққанда оң жағынан құс ұшса жолым болады деп, ал сол жағынан ұшса жолым болмайды деп ырым қылатын. Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят етілген хадисте Расулалла (с.ғ.с) былай деген: "Құспен ырым етуге болмайды. Ең жақсысы фәл". Сонда сахабалар: "Фәл деген не Расулалла?" деп сұрады. Расулалла (с.ғ.с) "Ол - біреулерің біреулеріңнен еститін жақсы сөз", - деген. (Мүслім риуаят еткен). Бұл тұрғыда "Жақсы сөз - жарым ырыс" деген қазақ мәтелі де бар.

Ислам діні әр түрлі құбылыстарға қарап жақсыға не жаманға жорып ырым етуге тыйым салған. Мұндай істердің бәрі де надандықтың көріністері. Ал оның орнына әрбір істің қайырын тілеуді бекітіп, сол арқылы дүние мен ақыреттің бақытына ұмтылуға кең жол ашты. Келесі бөлімдерде, Алланың жәрдемімен осы қайырлықты тілеу - истихара намазының жай-жапсары туралы айтып өтпекпіз.


Истихара сөзінің мағынасы

Араб тіліндегі истихара сөзі қайырлықты тілеу деген мағынаны білдіреді. Файд әл-Қадир кітабының авторы Абдуррауф әл-Манауи былай деген: «Истихара — Алла Тағаладан әрбір істің жақсылығын тілеу. Мұның мәнісі істердің ішіндегі ең дұрысын, қайырлысын таңдауды Аллаға тапсыру дегенді білдіреді. Өйткені пендеге байланысты істердің ең қайырлысын Хақ Тағаладан басқа ешкім де білмейді. Сондықтан да Ол істің қайырлысын сұраушыға ең қайырлысын таңдап беруге Құдыретті».

 

Истихараға байланысты хадис

Жәбір ибн Абдолладан (р.а.) жеткізілген хадисте Жәбірдің өзі былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) бізге истихара — барлық істің қайырлысын тілеуді құдды Құранның бір сүресін үйреткені сияқты үйретіп былай дейтін: «Егер біреулерің бір іс істеуді ойға алса, парыздан бөлек екі рәкағат оқысын, сосын былай десін: «Ия, Алла! Өзіңнің біліміңмен әрбір істің қайырлысын сұраймын. Өзіңнің құдырет-күшің арқылы Сенен күш-қуат сұраймын. Өзіңнің ұлы артықшылығыңды сұраймын. Шындығында әрбір нәрсеге Сенің күшің жетеді, менің күшім жетпейді. Сен барлық нәрседен хабардарсың, ал мен ештеңе де білмеймін. Өйткені Сен — ғайыптарды Білушісің. Ия, Алла! Осы істің менің дініме, тіршілігіме және ісімнің соңына қайырлы деп білсең, маған оны шешім қыл және оңтайластыр. Сонан соң оны маған берекелі қыл. Ал егер осы істі маған, дініме және тіршілігіме және ісімнің соңына жаман деп білсең, оны менен алыстат, мені де одан аулақ қыл. Сонан соң маған қайырлыны нәсіп етіп, сол арқылы разы қыл». Сонан соң қажетін атап айтады». (Бұл хадисті Бұхари, Термези, Әбу Дәуіт тағы басқа имамдар риуаят еткен). Төменгі бөлімдерде осы хадистің басшылыққа ала отырып истихара амалына түсініктеме береміз.

 

Қайырын тілеуге қай іс лайықты?

Жоғарыда айтылып өткен хадистен аңғаратынымыз Расулалла (с.а.с.) сахабаларына барлық істің де қайырын тілеуді үйреткен. Демек, истихара күллі іс-амалдарға да қатысты. Дегенмен, қайырын тілеуге жатпайтын да істер бар. Мысалы, парыз, сүннет амалдар, харам істен не мәкрүһ істерден тыйылуда екі ойлы болып, оның қайырлылығын тілеудің ешбір жөні жоқ. Бұл жайында Бұхаридің Сахих атты хадистер жинағына түсіндірме жазған атақты хадисші ғұлама Ибн Хажар әл-Асқалани былай дейді: «Бұл орайда Ибн Әбу Жамра деген ғалым былай деген: «Бұл хадистегі мағына жалпы болғанмен, жекелеген жалқы ұғымды білдіріп тұр. Өйткені уәжіп, мұстахаб амалдарын орындау үшін истихара жасалынбайды. Сондай-ақ, харам мен мәкрүһ істерді тәрк етуде де истихара жасалынбайды. Хадистегі мағына мүбах (ерікті) амалдарға, сонымен бірге орындауына дүдәмал болған кейбір мұстахаб ісіне ғана қатысты». Ендеше міндетті — парыз бен орындауына дүдәмал болған мұстахаб амалдарына ғана истихара жасауға болады екен. Сондай-ақ қайырлысын тілеу істердің үлкенін де, кішісін де қамтиды. Өйткені мардымсыз амалдың үлкен іске ұласуы ғажап емес». (Фатх әл-Бари, 11/177).

Ал тағы бір хадисші ғалым имам Шәукани аталған хадистегі мағынаға былай түсініктеме беріп өткен: «Хадистегі «барлық істердің қайырлысын үйрететін» деген сөйлем жалпылық мағынаны білдіріп тұр. Бұл адамның бір істің кішілігіне қарап, оны назарынан тыс қалдырып, оның қайырын тілемей қоя салуына болмайды дегенді білдірсе керек-ті. Себебі, көзге кішкене көрінген бір істі орындаудан немесе керісінше, орындамаудан пенденің үлкен зиян шегуі де ықтимал. Сондықтан да Расулаллла (с.а.с.): «Сендердің біреулерің Раббысынан тіпті аяқ киімінің бауын да сұрасын», — деген» (Табарани риуаят еткен. Нәйл әл-Аутар, 3/72).

Хадистегі сахабаның «құдды Қүранның бір сүресін үйреткені сияқты» деген сөзі истихара намазының аса маңыздылығына меңзеп тұр. Сонымен бірге әрбір істің қайырлысын тілеуді әрдайым естен шығармай, Раббыдан оның құт-берекесін жалбарына сұраудың қаншалықты көкейкесті мәселе екендігінен хабар беріп тұрғандай.

 

Истихара қашан жасалады?

Аталған хадисте былай айтылғанын көреміз: «Егер біреулерің бір іс істеуді ойға алса». Демек, мұнда пенденің бір істі орындау немесе орындамау туралы әрі-сәрі күйде қалуы туралы айтылып тұр. Өйткені ол бұл істің қайырлығы басым бола ма, әлде зияны басым бола ма, соның ара-жігін ажырата алмайды. Жалпы адамның іске ниеттелуі туралы Ибн Әбу Жамра деген ғалым былай дейді: «Жүректің істі бастамастан бұрынғы жағдайы алты түрлі: ойлану, ұмтылыс, ойға түсіру, ниеттену, қалау, шешім. Алғашқы үшеуі есептелінбейді де соңғы үшеуі есептелінеді. Хадистегі «ойға алса» деген сөз іс туралы алғашқы ойдың жүрекке келген кезін білдіреді. Сол уақытта истихара намазын оқып, дұғасын жасап, ол істің қайыры мен берекетін тілейді. Ал бір істі атқаруға деген шешімі күшейіп, сол іске деген құлшынысы артып, бірақ сонда да арты не болар деген ойда қалу басқа жағдай. Дегенмен де хадистегі осы «ойға алу» сөзі шешім қабылдау, бекіну мағыналарын қамтуы да әбден мүмкін. Өйткені санадағы ой бір шешімге айналып, бекімейінше, сол мақсатталынған істің қайырын тілеу болмаған болар еді. Керісінше, егер санада қылаң берген әрбір ойға истихара жасай берсе, бұл босқа уақыт жоғалту болып есептелінер еді». (Фатх әл-Бари, 11/177).

 

Истихара намазы

Хадисте былай айтылды: «парыздан бөлек екі рәкағат оқысын». Демек, ісінің қайырын тілеуші міндеттелінген күнделікті бес уақыт парыз намаздарынан басқа екі рәкағат нәпіл намазын оқуы керек. Мұндағы ниет: «истихара намазын оқымаққа» деп алынады. Ибн Хажар мұны былайша түсіндірген: «Парыздан бөлек» деген сөзі таң намазының екі рәкағат парызы сияқты намазбен шатастырмау үшін айтылған. Сол секілді таң намазының алдындағы екі рәкағат сияқты сүннет намазымен де шатастырмау үшін де айтылса керек-ті». (Фатх әл- Бари, 11/189).

Ал имам Нәуәи өзінің Әл-Әзкар кітабында былай деген: «Истихара дұғасын әдеттегі сүннет намаздарынан немесе нәпіл намаздарынан соң оқыса да болады». (Әл-Әзкар, 168). Ибн Хажар Нәуәидың бұл пікіріне мынадай қарсы пікір білдіріп өткен: «Оның бұл сөзі нақты емес. Дұрысы, егер намаз оқушы сүниет не нәпіл намазымен бірге истихара намазына да ниет етіп оқыса болар. Ал егер истихара намазын ниет етпей әдеттегі сүннет не нәпіл намазына ғана ниет етсе дұрыс болмайды». (Фатх әл- Бари, 11/189).

Ал бұл мәселедегі әл-Ирақи деген ғалымның пікірі төмендегідей. «Бір істі сүннет сияқты намазды бастамастан бұрын ойға алып, истихара намазына ниет етпей, сол намазын оқып болған соң истихара дұғасын оқыса, мұнысы дұрыс». (Нәйл әл-Аутар, 3/73).

 

Истихара намазында қандай сүре оқиды?

Истихара намазында белгілі бір сүрені оқу туралы нақты хадис жоқ. Сондықтан да истихара намазын оқушы Фатиха сүресінен соң қалаған аяттарын оқыса болады. Дей тұрғанмен, үмбетіміздің ғұламалары осы мәселеде өз беттерінше біраз ізденіс жасаған. Мысалы, имам Нәуәуи бірінші рәкағатта Кәфирун сүресін, ал екінші рәкағатта Ықылас сүресін оқыған лайық болар деп шешкен. Өйткені, оның пікірінше, бұл екі сүре діннің негізгі мәселелердін қамтиды. Айталық, Кәфирун сүресі күпірден толық арылу, күпірлік иелерінен аулақ болу, ақиқат пен жалғанның, иман мен күпірліктің ара-жігін анықтап берсе, ал Ықылас сүресінде Алла Тағаланың бірлігі мен ерекше сипаттарын мойындаубар. (Әл- Әзкар,168). 

Ал кейбір ғұламалар мен тақуадар жандар бірінші рәкағатта Қасас сүресінің 68-аятын, ал екінші рәкағатта Ахзаб сүресінің 36-аяттарын оқығанды жөн деп санаған. (Құртуби тәпсірі, 13-том, 306,307-беттер). Себебі, бұл аяттарда істі оның нағыз иесі — Алла Тағалаға тапсыру мағынасы бар. Әрқашан да Алланың қалауы болады. Сондықтан да пенде қандай жағдайда да тағдырға жазылғанға разылық танытуы тиіс. Бұл мәселеде имам Ибн Хажар жоғарыда атап өтілғен екі көзқарастың басын біріктіріп, истихара намазының бірінші рәкағатында Кәфирун сүресі мен Қасас сүресінің 68-аятын, ал екінші рәкағатында Ықылас сүресі мен Ахзаб сүресінің 36-аятын оқуды ұсынады. (Фатх әл- Бари, 11/189).

Қасас сүресінің 68-аяты мынадай:

Оқылуы: «Уа раббука йахлуку ма йәшәә’у уа йахтар, ма кәнә ләһумул-хиара, субханаллаһи уа тәъәлә ъамма йушрикун».

Мағынасы: «Раббың қалағанын жаратады және таңдайды. Оларда ерік болмайды. Алла олардың қосқан серіктерінен өте пәк әрі өте жоғары».

Ахзаб сүресінің 36-аяты:

Оқылуы: «Уа ма кәнә лиму’миниу-уа лә му'минәтин изә қадаллаһу уа расулуһу әмрән әййәкуунә ләһумул-хиарату мин әмриһим, уа мәй-йәъсилләһә уа расулаһу фақад-далла далалам-мубинә».

Мағынасы: «Алла және Елшісі қашан бір іске үкім берсе, мүмін ер және мүмін әйел үшін таңдау болмайды. Сондай-ақ кім Аллаға және Елшісіне қарсы келсе, сонда ашық адасқан болады».

 

Истихара дүғасын қашан оқиды?

Истихараға байланысты айтылған хадисте «екі рәкағат оқысын, сосын былай десін» делінген. Бұл сөз тіркесін Ибн Хажар былайша түсіндіреді. «Хадистегі «сосын былай десін» деген сөз тіркесі дұғаның намаз оқылып болған соң айтылатындығын білдіріп тұр. Дегенмен дұғаны намаздың ішінде айтса да дұрыс болар. Себебі, хадистегі тәртіп намазға тәкбірмен кіру бірінші орындалып, ал ондағы дұғаның сәждеде жатқанда не соңғы отырыста оқылатындығына байланысты айтылған болуы ықтимал. Бұл жайында Ибн Әбу Жамра былай деғен: «Намаздың дұғадан бұрын оқылуының сыры мынада. Дүниенің де, ақыреттің де барлық қайырлылықтарына қол жеткізу үшін әлемдердің Патшасына жүгіну керек. Ал әлемдердің Патшасы — Алла Тағаламен ең дұрыс байланыс намаз екендігі хақ. Өйткені оның ішінде Алланы ұлықтау да, мақтау да, Оған мұқтаждықты сезіну де бар». (Фатх әл- Бари, 11/189).

 

Истихара дұғасы

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисінде истихара дұғасы былай берілген.

Оқылуы: «Аллаһумма инни әстахирука биъилмика уа астақдирукә биқудратик уа ә’сәлукә мин фадликал-ъазим фа’иннәкә тақдиру уа лә ақдир уа тәъләму уа лә әъләму уа әнтә ъалләмул-ғуйууб. Аллаһумма ин кунтә тәъләму әннә һәзәл-әмра хайрун ли фи дини уа маъаши уа ъақибәти әмри фақдирһу ли уа йәссирһу суммә бәәрик ли фиһи. Аллаһумма ин кунтә тәъләму һәзәл-әмра шәррун ли фи дини уа маъаши уа ъақибәти әмри фасрифһу ъанни уасрифнии ъанһу уакдир лиәл-хайра хәйсу кәәнә суммә раддинии биһи».

Мағынасы: «Ия, Алла! Өзіңнің біліміңмен әрбір істің қайырлысын сұраймын. Өзіңнің құдырет күшің арқылы Сенен күш-қуат сұраймын. Өзіңнің ұлы артықшылығыңды сұраймын. Шындығында әрбір нәрсеге Сенің күшің жетеді, менің күшім жетпейді. Сен барлық нәрседен хабардарсың, ал мен ештеңе де білмеймін. Өйткені Сен — ғайыптарды Білушісің. Ия, Алла! Осы істің менің дініме, тіршілігіме және ісімнің соңына қайырлы деп білсең, маған оны оңай қыл және жеңілдет. Сонан соң оны маған берекелі қыл. Ия, Алла! Ал егер осы істі маған, дініме және тіршілігіме және ісімнің соңына жаман деп білсең, оны менен алыстат, мені де одан аулақ қыл. Сонан соң маған қайырлыны нәсіп етіп, сол арқылы разы қыл».

 

Дұғадағы сөздердің мағыналары

«Аллаһумма инни әстахирука биъилмика» — «Ия, Алла! Өзіңнің біліміңмен әрбір істің қайырлысын сұраймын».

Мағынасы: Раббым! Өзіңнен қайырлыққа апарар тура жолды тілеймін. Осы үшін Өзіңнің Біліміңе арқа сүйеймін. Өйткені, Раббым, Сенің біліміңнен тыс қалатын еш нәрсе жоқ. Сенің білімің барлық нәрселерді, болған және болатын нәрселерді де қамтиды. Ендеше осы шетсіз-шексіз білімің арқылы мен сияқты пендеңді қайырлы іске бағыттап, сәттілік бер. Жақсылық пен жамандық атаулының барлығын Өзің ғана білесің және олардың кілті де бір Өзіңнің қолыңда.

«Уа астақдирукә бикудратик» — «Өзіңнің құдырет-күшің арқылы Сенен күш-қуат сұраймын».

Мағынасы: Өзіңнен құдырет-күш сұраймын. Өзіңнен медет-көмек тілеймін. Өйткені құдырет-күштің Иесі тек Өзіңсің. Раббым! Сенің құдыретің шексіз. Ендеше Раббым, маған ізгілік пен қайырлыққа жетуді оңайластыр. Сол үшін маған жәрдем бер. Сол құдыретіңмен менен жамандықты алыстат.

«Уа ә’сәлукә мин фадликал-ъазим» — «Өзіңнің ұлы артықшылығыңды сұраймын».

Мағынасы: Сұрауға лайықты ол — Алла. Артықшылық та Оның иелігінде. Қалағанына береді, қаламағанына бермейді. «Кімде-кім халайықтан емес, Раббысынан жалбарынып сұрап, Оның артықшылығының кең-байтақтығын сезініп, Оған тәуекел етсе, Оның жомарттығына үміт етсе, сол пенденің түптің түбінде сәттілікке жететіндігіне еш күмән жоқ» (Әл-Мәдхал кітабынан). Расында да Алла Тағаланың артықшылығының шегі жоқ, оның кеңдігі ешқандай өлшеммен өлшеуге келмейді. Ол артықшылыққа ешкім де, еш нәрсе де тосқауыл бола алмайды. Сондықтан да пенде барлық қажетін сол өлшеусіз артықшылықтың, дархан жомарттықтың Иесі — бір Алладан сұрауы тиіс. Бұл туралы бір шайырдың мынадай бәйіті бар:

Сұрамағын пенделерден, сараңдардан сабылып,

Тілек тіле Тәңірден қалмаған есігі жабылып. 

Қажетіңді сұрамасаң Раббың саған кейиді,

Ал адамнан сұрасаң, шыға келер шағынып.

«Фа’иннәкә тақдиру уа лә ақдир уа тәъләму уа лә әъләму уа әнтә ъалләмул-ғуйууб» — «Шындығында әрбір нәрсеге Сенің күшің жетеді, менің күшім жетпейді. Сен барлық нәрседен хабардарсың, ал мен ештеңе де білмеймін. Өйткені Сен — ғайыптарды Білушісің». 

Мағынасы: Әр нәрсеге күші жететін, шексіз құдыреттің Иесі, жария нәрселерді де, жасырын нәрселерді де білетін ол — Алла. Кімде-кім өзінің күш-қуатына, біліміне сеніп дандайсуын қойып, барлық ықыласын Жомарт Иесіне арнаса, сөз жоқ, оның қажеті өтелінеді, үміті де орындалады.

«Аллаһумма ин кунтә тәъләму әннә һәзәләм-ра хайрун ли фи дини уа маъаши уа ъақибәти әмри» — «Ия, Алла! Осы істің менің дініме, тіршілігіме және ісімнің соңына (немесе «қазіргі және кейінгі істеріме») қайырлы деп білсең».

Мағынасы: Пайғамбар (с.а.с.) бұл дұғада діни мүддені дүнияуи мүддеден жоғары қойып тұр. Өйткені пенденің дінінің дұрыс болуы оның дүниесінің дұрыс болуының кепілі. Сондықтан да Ислам қағидалары дін және дүние мүдделерінің тепе-теңдігіне аса жоғары маңыз береді. Негізі бұл екі мүдделер ешқашан бір-біріне қайшы келмеуі тиіс. Ал бір-біріне қайшы келіп қалған жағдайда діни мүдделер дүниелік мүдделерден жоғары қойылады.

«Фақдирһу ли уа йәссирһу суммә бәәрик ли фиһи» — «Маған оны оңай қыл және жеңілдет. Сонан соң оны маған берекелі қыл».

Мағынасы: Олай болған жағдайда бұл істі атқаруды оңайластырып, орындалуын жеңіл қыл. Сосын оны мен үшін берекелі еткейсің.

«Аллаһумма ин кунтә тәъләму һәзәл-әмра шәррун ли фи дини уа маъаши уа ъақибәти әмри фасрифһу ъанни уасрифнии ъанһу» — «Ия, Алла! Ал егер осы істі маған, дініме және тіршілігіме және ісімнің соңына жаман деп білсең, оны менен алыстат, мені де одан аулақ қыл».

Мағынасы: Егер де осы ойға алып отырған ісім, не қадамым менің дініме, дүниеме, тіршілігіме және ақыретіме, сондай-ақ кейінгі істеріме бір зияны тиетін болса, онда бұл істі менен алыстат және мені де одан аулақтат. Бұл істі менің жүрегімнен, ойымнан алып тастай гөр.

«Уақдир лиәл-хайра хәйсу кәәнә суммә раддинии биһи» — «Сонан соң маған қайырлыны нәсіп етіп, сол арқылы разы қыл».

Мағынасы: Бұл ойға алған ісім мен үшін қайырлы болмаса, онан толық мені алыстатып, маған қайырлы істі нәсіп ет. Сол іс арқылы менің көңілімді жайландырып, жаныма разылық пен рахат орната гөр.

Имам Шәукани Нәйл әл-Аутар кітабында мынадай түсініктеме келтірген: «Оны менен алыстат, мені де одан аулақ қыл» деген сөйлемде қайырсыз істен аулақ болуды тілеудің керемет үлгісі бар. Бұл тілекте іс пен пенденің екеуі де айтылып тұр. Өйткені кейде Алланың қалауымен пенде өзі ойлаған істен алыстап кеткенімен сол іс оның қыр соңынан қалмай алдынан кесе көлденең шыға беруі де мүмкін. Ал кейде ойға алған іс көз алдынан ғайып болғанымен пенденің жүрегі сол іске байланып, ойынан бір сәт те шықпай, мазасыздыққа түсуі ықтимал. Осы себептерден бүл дұғада жоғарыдағы тілек айтылып тұр. Сонымен бірге ендігі жерде жүрегінің басқа бір жақсы іске аууы үшін: «Сонан соң маған қайырлыны нәсіп етіп, сол арқылы разы қыл» делінді. Разылықтың себебі былай: егер Алла пендесінің пешенесіне басқа бір қайырлы істі жазып, бірақ ол бұған разы болмаса, тағдырға разы болмағаны себепті күнәға батуы ықтимал. Сондықтан да Раббыдан әрбір іске разы болуды нәсіп ету сұралды».

 

Истихара жасаған соң не істейді?

Имам Нәуәи Әл-Әзкар деген кітабында былай дейді: «Истихара жасаған соң өзінің көңіліне жаққан істі орындайды». Имам Ибн Абдуссалам: «қолы жететінін істейді», — деген. Ал Ибн Хажар былай дейді: «Негізі көңіліне жаққанын істемейді. Өйткені онда нәпсінің әсері де болуы мүмкін». Иә, шынында, көңіліне жаққанын істей беретін болса, истихара жасап не керек?

 

Истихара намазын қайта оқуға бола ма?

Істің қайырлығын іздеп, әрі-сәрі күйде қалған кісінің истихара намазын қайталап оқуына болады. Қайталап оқуда белгілі бір шек жоқ.

 

Истихара әдептері

1) Истихара жасаушы нәпсісі мен әуейілігінен арылып, бүкіл ісін Раббысына тапсыруы тиіс. Алланың жазуына разылық танытуы керек.

2) Истихара жасауға ең қолайлы уақыттың бірі — таң алдындағы уақыт. Өйткені бұл дұға қабыл болатын уақыттардың бірі. Әбу Һурайрадан жеткізілген хадисте Алла Тағаланың осы уақытта дұғаны қабыл ететіндігі туралы айтылған. (Мүслім, 6/36).

3) Истихараны дұғаның қабыл болатындығына кәміл сеніммен жасау керек. Абдолла ибн Амрдан жеткізілген хадисте Расулалла (с.а.с) Алла Тағаланың әуесқой жүректің дұғасын қабыл етпейтіндігін ескерткен. (Имам Ахмет Муснад кітабында).

Пікірлер  

 
Шоқан 21.09.2013 00:45
Ниеттеріміз қабыл болсын! Жүрекке имандылық нәсіп етсін АСА ҚАМҚОР МЕЙРІМДІ АЛЛА!
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 
 
әсел әбділәзім 18.11.2015 02:07
Аллаһ разы болсын. Өте түсінікті жазылған. Фирдоус насіп болсын. Әмин. Кітаптың бір бөлімін оқығандай сезім қалдырды
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 

Бізге қосылыңыз

Бізді твиттерде оқыңыз!

Соңғы пікірлер

  • Үш үгіт

    Самигулла
    Өнегелі сөз екен! Халқымызда да бар мақал, өткен ...
     
  • Ана өсиеті

    Нұрболат
    Алла разы болсын!Дәл осындай ақыл айтатын аналарымыз ...
     
  • Адал ас

    Бақытжан
    ТАҢСҰЛУ 13.05.2016 12:55 Алла разы болсын! Мен ...
     
  • Әр адам өз тегіне тартады

    Упи
    Расында да жақсы жазылған Көп рақмет

Статистика

2683469
Бүгін
Кеше
Осы аптада
Осы айда
Өткен айда
Барлығы:
118
358
118
10956
16865
2683469