Құран Кәрімде Алла Тағала: “Расында Қарун Мусаның қауымынан еді де, оларға қарсы келді. Сондай-ақ, оған кілттерін күшті бір топ әрең көтеретін қазыналар берген едік,” - дейді (Қисас, 76). Алла Тағала өзінің кеңшілігімен оның ризығын молайтты да, ол өз саудасымен үлкен байлыққа ие болды. Сол байлықтың буына мастанып, жанды менсінбей, Аллаға да бойсұнбай өзіне разы күйде өмір кешіп жатты.
Құран Кәрімде айтылғандай, Қарунның қазына қоймаларының кілттерін мықты жігіттердің өздері жабылып көтере алмаушы еді. Ол ешкімге бағынбады. Мүмин туыстарының: "Өзіңе Алла Тағала берген байлыққа асып-таспа! Адамдарға үстемдік етпе! Көп адамға бермеген байлықты саған берген Құдайға шүкірлік ет!” - деген ақылдарына құлақ аспайды. “Бұл Алладан емес. Білімім мен өз жетістігімнің арқасы,” - деп дандайсыды.