Автор: Жаксы БАЛА | Категория: Ұрпаққа ұлағат | Просмотров: 5076
Печать

kasyktagy-maiҚызыл шырайлы, қапсағай денелі Есбол қарияның қашан да айтар әңгімесі қызықты. Әдеттегідей төргі үйдегі түкті кілемге малдас құрып алқа-қотан отырған қара домалақтар сауалдың астына алып жатыр:
– Ата, өткен жолғыдай ертегі айтыңызшы?
– Оқиғасы шым-шытырық…
– Ию-қию…
– Қорқынышты болса, тіпті жақсы!
– Аха-а!.. Сен де қайдағыны сөз етуге үйір тұрасың!

Әнеукүнгі үрейлі ертегіден соң, түні бойы қорқып шықтым!
– Гарри-Поттерді көргендей деші!
– Зәремізді ұшыратын ертегіні қайтеміз!.. Одан да, мәнді-мағыналы әңгіме тыңдайықшы, ата?!
Бірі-бірімен шамалас, он-он бір жастағы ұлдардың өзара айтысын тыңдап, аппақ күмістей сақалын салалап, мейірлене көз тастаған Есекең шуылдақтарға болдыңдар ма дегендей белгі берген. Ұлардай шулаған ұлдар сап тыйыла қалды.
– Бегалы дұрыс айтады, – деді қария. – Аңыз болсын, әңгіме болсын, ғибрат аларлық оқиғаны тыңдағандарың абзал! Тыңдап қою аз, миларыңа тоқыңдар! Алдағы өмірлеріңе керек болады.
Қара домалақтар қатал мұғалімнен жаңа сабақ тыңдайтындай құлақтарын тігіп қыбырсыз қалды. Қария жылы жымиып, қоңыр даусымен әңгімесін бастап кетті.
– Ертеректе, өзі бай, өзі дана бір кісі болыпты. Үлкен шаһардың шетінде өз қолымен тұрғызған сән-салтанатты үйлері, ат шаптырым ауласында түрлі-түрлі жеміс ағаштары сыңсып, бұлбұл құстары жүз құбылта, құйқылжыта ән салады екен.
Сонау-сонау қиянда тұратын бір адам әлгі дана кісінің әңгімесін тыңдауға құмартып жолға шығыпты. Апталап сапар шегіп, шаршап-шалдығып бір күні келіп жетеді. Паңдықтан ада, қарапайым бай жолаушыны қабылдап, ас суын ұсынып бұйымтайын сұрайды.
– О, қадірменді ақыл иесі! Алыс-алыс қияндағы елімнен келгендегі мақсатым, сіздің даналық сөздеріңізді тыңдасам деп едім, – дейді ілтипатпен.
– Дәл қазір даналық әңгіме айтуға уақыт тарлық етіп тұрғаны, – дейді бай. – Ас ішіп, әл жинасаң, былай істе. Қолыңдағы қасыққа екі тамшы май тамызайын. Бірер сағат осы маңда бол, қасықтағы майға да көз қырыңды сала жүр, келістік пе?
– Келістік, – дейді жолаушы.
Уақыт жылдам өте шығады. Жолаушы дана қарияның алдына келеді.
– Жә, айта қойшы жарқыным, бағанадан бері не көрдің? Не білдің?
– Ештеңені көре қойғаным жоқ… Баққаным, қасықтағы екі тамшы май болды.
– Онда, дана сөздерімді естуге асықпа! Тағы екі сағат жүре тұр.
– Тақсыр-еке, неге олай айтасыз? Өзіңіз емес пе, майға қара деген…
– Ия, солай дедім! Бірақ, мынау сән-салтанатты үйлер, анау жеміс-жидектері сыңсыған ағаштар, онда сайраған бұлбұлдардың әуезді үндеріне құлақ түрмейсің бе?! Алла Тағаланың жаратқандарына таң қалмайсың ба?! Бірақ, қасықтағы майға да көз қырыңды салғайсың…
– Мақұл, – дейді жолаушы.
Межелі уақыттан соң мейман тағы да байдың алдына келеді.
– Не көрдің, не білдің! Баянда?!.
– Бау-бақшаңыздағы ағаштарға қарап, терең-терең ойларға кеттім! Алланың құдіретіне қайран қалдым! Таң-тамашамын… Сіздің еңбегіңізге, соншама құштарлықпен, махаббатпен өсірген өскіндеріңізге Жаратқан иіп, мейірімін төгіп осыншама көркемдік пен келісімді сыйлаған екен! – Жолаушы алған әсерінен айыға алмай, аузы ашылып таңырқауын айта берді, айта берді.
– Тәңірінің сый-құрметін, табиғаттың үйлесімділігін көре білген көкірек көзің ояу екен! Рахмет, жолаушым! Ал қасықтағы май қайда?
– Ой-бу, қа-ап!.. Сән-салтанаты келіскен шаһарды, бау-бақшаны тамашалаймын деп қасықтағы майды төгіп алыппын!
– Ендеше, даналық сөздеріме құлағың сал, қадірменді мейманым! Әлбетте, он сегіз мың ғаламның иесі Рахман-Рахымның жаратқандарына таңырқағаның жөн! Сол арқылы Алланың ұлылығы мен құдіретіне көзің жетеді! Сондай-ақ, Раббымыздың пенделеріне парыз еткен іс-амалдарына да аса ұқыпты болғын! Ең ұлығы – Ұлы үйлесім разылығы үшін сәждеге бас қойып, намазға жығылу екендігін есіңнен шығарма! Қасықтағы майға келер болсам, ол фәни жалғандағы – тіршілігің, нәсібің! Оны да ұмытуға болмас! Бірақ, дінде де, дүниеуи тіршілікте де орташа болғын! Отаныңды сүю, жақсы сөз сөйлеу, жақсылық істеу, иманды, инабатты ұрпақ тәрбиелеу де адами міндетің! Осы айтқандарымды тепе-тең ұстасаң, екі өмірде де бақытқа кенелесің! Жортқанда жолың оңғарылып, Жалғыз Жаратушы жар болсын! – дейді дана қария батасын беріп.
Есбол ақсақалдың ғибратты әңгімесін тыңдаған ұлдар да үн-түнсіз. Өйткені олар дана қарттың уәжін алдағы өмірлеріне рухани азық етсек деген ойда болатын.

Толымбек Әбдірайым

Пікірлер  

 
Айгүл 09.04.2015 21:32
Бір қызығы, мен бұл оқиғаны туріктердің "Долина волков" сериялынан естігенмін...
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 
 
Темірлан 06.11.2017 21:15
Түріктер мұсылман емес па
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 
 
Марзия 21.01.2016 13:54
МЕН МУНДАҒЫ МАЙДЫҢ ҚАНДАЙ РОЛЬ АТҚАРАТЫНЫН ТҮСІНБЕДІМ
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 
 
Ернар 21.01.2016 22:34
Расында да түрік сериалындағы Құсшының сөздеріне ұқсайды екен.
Жауап беру | Негізге алып жауап беру |
 

Бізге жазылыңыз

Ғибратнама инстаграмда!

Соңғы пікірлер

Статистика

3303811
Бүгін
Кеше
Осы аптада
Осы айда
Өткен айда
Барлығы:
422
368
1196
1662
17911
3303811